Алматыда жоғалған қару-жарақтың қаңтар оқиғасына қатысы жоқ – полиция

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды
Sputnik
АСТАНА, 1 ақпан – Sputnik. Алматы қалалық полиция департаменті қаңтар оқиғасына қатысты істер бойынша тәркіленген қару-жарақтың жоғалғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Полиция баспасөз қызметінің мәліметінше 2023 жылы қылмыстық істер бойынша тәркіленген, сондай-ақ оларды кері сатып алу науқаны аясында тұрғындар тапсырған қару-жарақ жоғалған.
"Қарудың жетіспеу дерегін өзіндік қауіпсіздік басқармасы тексеріс барысында анықтады", - деп жазылған хабарламада.
Қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
ҚР ҚІЖК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.
Еске сала кетейік, БАҚ-та полицейлер қаңтар оқиғасынан кейін тәркіленген қару-жарақты сатып жіберді деген ақпарат тараған болатын.