АСТАНА, 31 қаңтар – Sputnik. Мемлекеттік кірістер органдары барлық мобильді аударымдарды тексермейді.Бұл туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Вице-министрдің айтуынша, жеке шоттарына ай сайын қатарынан үш ай бойы 100 және одан да көп тұлғадан мобильді аударымдар түскен тұлғалар бақылауға алынады.
"100-ден астам аударымдар емес, ал 100 және одан да көп тұлғалардан аударым түскендер бақылауға алынады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бұл – кәсіпкерлік қызметтің белгісі. Әртүрлі жағдайларда туыстарына, достарына және әріптестеріне ақша аударуға шектеулер жоқ", - деді Біржанов.
Тек қолма-қол ақшасыз есеп айырысу бойынша жұмыс істейтін адал кәсіпкерлер бақылау саласынан шығарылады. Сондай-ақ, бизнесті жүргізу және дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Салық режимдерінің тәртібі оңайлатылды – салық ставкалары қызмет түріне байланысты тек 1%-дан 4%-ға дейін.