Кабирханның озатынына ешкім сенбеді – Дубайдағы бәйгеде топ жарған сәйгүліктің иесі

Сәйгүлік иесінің айтуынша, алғаш келгенде жылқы мінезі тым қиын болған
Sputnik
АЛМАТЫ, 31 қаңтар – Sputnik. Қазақтың шашасына су жұқпаған сәйгүлігі Кабирхан Дубайда өткен Al Maktoum Challenge Presented by Longines бәйгесінде мәреге бірінші жетті. Талай шетелдікті таңдай қақтырған тұлпар Қазақстанның атын әлемге танытты. Аттың бабын келтіріп, бағын жағып жүрген мамандар Кабирхан туралы айтып берді.
Аты әлемді дүрлдіктіріп тұрған Кабирхан қазақ жеріне 1,5 жасында тай кезінде келген. Оны таңдаған замануи сыншы Надир Хасанов, 4 000 тұлпардың арасынан осы жылқыға көзі түскен. Иесі Тілек Мұхамбетқалиев Кабирхан үшін 12 500 доллар жұмсаған. Алматыға келісімен әкелі-балалы Юлдашевтар атты баптауға кіріседі.
"Алғаш келгенде сүрінді, шалынды. Жылқы мінезі тым қиын болды. Бірақ аз уақыт өткен соң ысылып сала берді. Бұл тұлпар менің балам сияқты", - дейді ат бапкері Тұрғанжан Юлдашев.
Баласы Руслан екеуі бағып-қағып, бабын келітіріп, болашақ аламандарға дайындауды бастап кеткен.
Дубайға дейінгі 9 жарысқа қатысып, 8-інде қарсыластарын шаң қаптырған кіл жүйріктің Al Maktoum Challenge Presented by Longines бәйгесіне қатысуына бірден бір тікелей себеп – иесі Тілектің тәуекелшілдігі болған.
26 қаңтарда Араб Әмірлігінің жер бетіндегі ең үлкен "Мейдан" иппадромында қазақстандық 4 жасар дөнен Кабирхан бірінші келді. Бөркін аспанға атпаған атқұмар қазақ қалмады. Әлі күнге шетелдік ат саласының мамандарынан құттықтаулар толастар емес.
"Мен бұл атты сатып алғанда "түбі Дубайдағы жарысқа қатыстырамын" деп айтқан болатын. Әрине, ол менің арманым еді. Ақыры арманыма қол жеткіздім. Күмән да аз болған жоқ. Негізі Кабирханның мәреге бірінші жететіне шетелдіктер ғана емес, Қазақстанның өзі күмәнмен қарады. Ал Кабирхан жеңген кезде ұлды болғандай қатты қуандым", - дейді Кабирханның иесі Тілек Мұхамбеқалиев.
Асыл тұқымды жылқы АҚШ-та туған, әкесі Калифорния Хром, шешесі – Литтл Эмили. Кабирханның шыққан тегі де тегін емес, әкесі де талай шетелдік аламандарда алдына жан салмаған жүйрік.
Жалпы әлемде 200 мың тұлпар бәйгеге қатысады екен. Оның 5-6 мыңы топтық бәйгеде бақ сынайды. Тек 1 мың тұлпар ғана бірінші топтағы бәйгеге қатыса алады. Соның небәрі 200-300-і ғана бәйге мәресіне бұрын жетеді.