Былтыр ҰҚК Қазақстанда екі террорлық әрекеттің алдын алды

ҰҚК шетелдің арнаулы қызметтерімен бірге өзге мемлекеттердің аумағында үш лаңкестік акцияның алдын алған
Sputnik
АСТАНА, 31 қаңтар – Sputnik. Мемлекет басшысы ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Сағымбаевтың айтуынша, былтыр ҰҚК бөлімшелері елімізде екі террорлық әрекеттің және шетелдің арнаулы қызметтерімен бірге өзге мемлекеттердің аумағында үш лаңкестік акцияның алдын алған.
Лаңкестік және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін 43 адам сотталған.
Жыл бойы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің үйлестіруімен терроризмге қарсы 208 командалық-штабтық және 196 жедел-тактикалық оқу-жаттығу жиыны өткен.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстарының нәтижесі жөнінде айтты. Қабылданған шаралар нәтижесінде жалпы 1,5 триллион теңгеден астам қаржы түскен, соның ішінде мемлекеттік бюджетке қайтару бастамасы аясында 680 миллиард теңгеден аса қаржы қайтарылған.
Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, ұйымдасқан 15 қылмыстық топ қызметінің жолы кесілген, 681 қару мен 85 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленген.
Есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл бойынша 36 зертхана жойылған. 34 халықаралық және 32 өңірлік есірткі арнасына тосқауыл қойылып, 3,6 тонна есірткі тәркіленген,
ҰҚК халықаралық ынтымақтастық аясында шетелдік әріптестерімен бірқатар операцияны жүзеге асырған.
Сағымбаев мемлекеттік шекараны күзету саласында құқық бұзған 31 мыңнан астам адам ұсталғанын жеткізді.
Қару-жарақ, оқ-дәрі және есірткі алып өтуге қатысты 739 әрекетке, сондай-ақ жалпы сомасы 11,7 миллиард теңге болатын валюта мен алтынды, сомасы 12,6 миллиард теңгені құрайтын тауарды тасымалдауға жол берілмеген.
ҰҚК техникалық бөлімшелері мемлекеттік органдардың ресурстарына және елдің маңызды стратегиялық инфрақұрылым нысандарына жасалған 86,3 миллион кибершабуыл мен 2156 DDoS- шабуылды тойтарғанын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қауіпсіздік органдары қызметінің бағыттары бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.