АСТАНА, 30 қаңтар – Sputnik. Төрт жыл ішінде Қазақстанның Қарулы күштерінен 17 065 әскери қызметші босатылған. Бұл туралы қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштері Бас штабының бастығы Сұлтан Қамалетдинов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Әскери қызметшілердің армияда тұрақтамауы қорғаныс министрлігінің ерекше алаңдаушылығын туғызып отыр. Қамалетдиновтың айтуынша, Қарулы күштерден кетіп жатқан әскерилер саны жыл сайын азаяр емес.
"Тек 2020-2023 жылдар аралығында Қарулы күштерден 17 065 әскери қызметші босатылды, оның ішінде 4301-і офицер және келісімшарт бойынша 12 764 әскери қызметші. Салыстыру үшін айтар болсақ, бұл шамамен 15 механикаландырылған бригаданың саны", – дейді Қамалетдинов мәжіліс комитетінің әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру туралы отырысында.
Оның айтуынша, осы төрт жыл ішінде Қарулы күштер қатарына 14 311 әскери қызметші қосылған.
Қамалетдинов әскери қызметшілердің армиядан кетуіне қаржылай және әлеуметтік көмектің аздығы себеп екенін мәлімдеді.