АСТАНА, 30 қаңтар - Sputnik. Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданында газ баллоны жарылып, тұрғын үй опырылып қалды. Тұрғындар үйнді астында қалды.
Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, 30 қаңтар түнгі 00.07 шамасында Бұқар жырау ауданы Ботақара кенті Әуезов көшесіндегі қосқабатты 12 пәтерлі үйде жарылыс болған.
Алдын ала болжам бойынша тұрмыстық газ баллоны жарылған. Жарылыстан екінші қабат жартылай опырылған. Өрт шықпаған.
"Опырылған аумақ анықталып жатыр. Біздің болжам бойынша, үйінді астында адамдар бар. Жергілікті жерде штаб ұйымдастырылған. Оқиға орнында 45 адам және 13 техника жұмыс істеп жатыр", — дейді төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Қатпанов.
Департамент мәліметінше, бірінші қабаттағы № 5, 6, 8 және екінші қабаттағы 11, 12 пәтерлер де жартылай зақымданған. Үйде барлығы 46 адам тұрса, жарылыс кезінде үйде 35 адам болған.
Сағат 00-11 ден бастап 03-37-ге дейін құтқару жұмыстары кезінде үйінді астынан 2 өлі және 5 жаралы адам табылды. Түрлі дене жарақаттарымен Бұқар жырау аудандық ауруханасына 3 бала жеткізілді.