"Көршілерге тәуелдіміз": Қазақстан екі елмен су бөлу туралы келісімдерге қол қояды

Министрдің айтуынша, географиялық ерекшеліктеріне байланысты Қазақстанның сегіз су шаруашылығы бассейнінің жетеуі – трансшекаралық
Sputnik
АСТАНА, 30 қаңтар – Sputnik. Қазақстан үкіметі Өзбекстан және Қытаймен трансшекаралық өзендерде су бөлу туралы келісімдерге қол қоюды жоспарлап отыр. Бұл туралы су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, географиялық ерекшеліктеріне байланысты Қазақстанның сегіз су шаруашылығы бассейнінің жетеуі – трансшекаралық. Соның салдарынан Қазақстан негізінен көрші елдердің (Қытай, Ресей және Орталық Азия елдері) су шаруашылығы саясатына тәуелді.
"Осыған байланысты Арал-Сырдария (90%), Жайық-Каспий (80%), Шу-Талас (75%), Балқаш-Алакөл (45%) су шаруашылығы бассейндері, ең азы Тобыл-Торғай (12%) және Ертіс (20%) су шаруашылығы бассейндері неғұрлым осал саналады", - деді Нұржігітов үкімет отырысында.
География және су қауіпсіздігі институтының деректері бойынша (2023 жылғы 1 наурыз) 1960 жылмен салыстырғанда Қазақстан аумағындағы орташа көпжылдық өзен ағыны 12,5 шаршы шақырымға азайды. Оның ішінде жалпы көлем қысқаруының 9 шаршы шақырымы немесе 72 пайызы жергілікті өзендердің үлесіне, ал трансшекаралық өзендердің үлесіне 3,5 шаршы шақырымы немесе 28 пайызы келеді.
Трансшекаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту шекаралас мемлекеттермен трансшекаралық су ағындарын бірлесіп пайдалану, қорғау туралы жаңа екіжақты және көпжақты шарттық базаны құруды және қолданыстағы шарттарын жетілдіруді талап етеді, деп атап өтті ведомство басшысы.
"Мемлекетаралық су қатынастарын дамыту үшін Қазақстан үкіметі мен Өзбекстан үкіметі арасындағы Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және пайдалану туралы, сондай-ақ Қазақстан үкіметі мен Қытай үкіметі арасындағы трансшекаралық өзендерде су бөлу туралы келісімдерге қол қою көзделген", - деді Нұржігітов.
Сондай-ақ, трансшекаралық су объектілерін пайдалану және қорғау жөніндегі келіссөздер тобы мүшелерінің құзыретін күшейту, сондай-ақ арнайы департамент құру жоспарланып отыр.
Министр "Халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан басқаша пайдалану түрлерінің құқығы туралы конвенцияны ратификациялау туралы" заң жобасы сенат қарауына енгізілгенін атап өтті. Конвенция трансшекаралық өзендер мен көлдерді және олармен байланысты жерасты суларын бүкіл әлемде тең құқықты және тұрақты басқаруға ықпал ететін жаһандық құқықтық механизм болады.
Қазіргі уақытта Конвенцияға 37 мемлекет қосылған. Қазақстанмен көршілес елдердің ішінде Өзбекстан ғана конвенцияның мүшесі.