АСТАНА, 30 қаңтар – Sputnik. Алматыда жыл соңына дейін үш дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылады, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Биыл мегаполистің Түрксіб, Медеу, Алатау аудандарында 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін ашу жоспарланған. Жаңа нысандар күн сайын барлығы 2000-нан астам адамды қабылдай алады.
Сонымен қатар, 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт орталығы, жеңіл атлетика манежі, "Медеу" БТСК жаңғырту және Орталық стадионның жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу жүргізілуде.
"2023 жылы спорттың 64 түрі бойынша 31 мыңнан астам бала тегін спорт секциясымен қамтылды. Айта кетейік, 4-17 жас аралығындағы қала тұрғындары спорт секцияларына тегін қатыса алады. Сонымен бірге, жалпы саны 32 мыңнан астам адамды қамтитын командалық спорт түрлері бойынша (шағын футбол, баскетбол, волейбол) мектеп және студенттер лигасы құрылды", - делінген хабарламада.
Алматыда барлығы 3703 спорт нысаны жұмыс істейді.