АСТАНА, 29 қаңтар — Sputnik. Қазақстан мен Ресей халал сертификаттарын өзара тану туралы келісімге келді, деп хабарлайды Роскачество.
Ынтымақтастық туралы тиісті келісімге Роскачество жанындағы халал құзыреттілік орталығының даму жөніндегі директоры Ильнур Мұхаметзянов және "Қазақстан халал индустриясы қауымдастығының" төрағасы Марат Сәрсенбаев қол қойды.
"Роскачество жанындағы халал құзыреттілік орталығы мен "Қазақстан халал индустриясы қауымдастығы" арасындағы келісім бірлескен ұлттық және мемлекетаралық стандарттау, оқыту іс - шараларын, форумдар мен танымал ету шараларын өткізуді көздейді", - делінген хабарламада.
Роскачество өзара тану туралы келісім тұтынушылардың халал өнімдерге деген сенімін арттыруға және олардың танымалдылығын арттыруға көмектесетінін атап өтті.
"Сонымен қатар, келісім аясында "Роскачество-Халал" органы мен "Қазақстан халал индустриясы қауымдастығы" органының сертификаттарын өзара тану бойынша жұмыс жүргізіледі. Бұл өз кезегінде екі ел арасындағы халал өнімдерінің айналымы процесін жеңілдетеді және өзара тауар айналымының артуына әкеледі", - деп атап өтті ұйым.