АСТАНА, 29 қаңтар – Sputnik. Абай облысында мыңдаған адамды алдаған екі саяжай кооперативінің жұмысы тоқтатылды, деп хабарлайды облыстық прокуратура.
"Семей.Мурат.Доверие" және "Бобровка" саяжай кооперативтері тиісті тіркеусіз және рұқсатсыз монополиялық қызметті жүзеге асырған. Олар электр энергиясына жоғары тарифтер белгілеп, халықтан негізсіз төлем жинаған.
"Осылайша, кооперативтер энергия өндіруші компаниядан 1 кВт-қа 14,202 теңге сатып алып, оны жоғарылатылған тариф бойынша 1 кВт үшін 18 теңгеге, яғни 4 теңгеге қымбат бағаға 8,5 мыңнан астам тұрғынға сатты. Олардың көбісі әлеуметтік осал топтарға кіреді", - дейді прокурорлар.
Абай облысының табиғи монополияларды реттеу департаментіне қадағалау актісі енгізілді. Соның негізінде кооперативтерге жалпы сомасы 25 млн теңге айыппұл салынды. Ал мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен кооперативтердің қызметі тоқтатылды.