"63 адамның тест нәтижесі жойылды" — екі аптада 53 мың талапкер ҰБТ тапсырды

Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 20 адам шығарылды
Sputnik
АЛМАТЫ, 29 қаңтар — Sputnik. Екі апта ішінде 53 мың талапкер қаңтардағы ұлттық біріңғай тестілеуді тапсырды, деп хабарлайды ғылым және жоғары білім министрлігі.
Қаңтар айындағы ҰБТ басталғаннан бері 53 мыңнан астам адам тест тапсырды. Оның ішінде талапкерлердің 73,6%-і қазақ тілінде, 26,3%-і орыс тілінде, 35 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті. ҰБТ басталғалы шекті балды 73%-ға жуық талапкер жинады. Орташа балл – 65, ең жоғары балл – 134.
Тестілеуге қатысушылардың басым бөлігі "Математика-Физика" және "Биология-Химия" комбинацияларын таңдаған.
"63 талапкер ереже бұзды. Оның ішінде 43 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 20 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды", - деп атап өтті ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар 158 талапкер тест тапсырды.
"Айта кету керек, 2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады", - дейді Емелбаев.