Қоғам

Елімізде Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысына дайындық жүріп жатыр

Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы көктемде өтеді
Sputnik
АЛМАТЫ, 27 қаңтар — Sputnik. Астанада Ұлттық құрылтайдың жұмыс секцияларының отырыстары өтті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. Іс-шараға қатысушылар биыл қаңтардың басында мемлекет басшысы "Egemen Qazaqstan" газетіне берген сұхбатында айтқан мәселелерді талқылады.
Секциялар жұмысы басталар алдында Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары – мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин құрылтайдың негізгі жұмыс бағыттары президенттің "Egemen Qazaqstan"газетіне берген қаңтардағы сұхбатында көрініс тапқанын айтты.
Мемлекеттік кеңесші президенттің Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысында жаңа аудандарды қалпына келтіруге және құруға, өңірлік рәміздерді реттеуге, сондай-ақ "Әзірет Сұлтан" тарихи-мәдени қорық-музейіне "Ұлттық" мәртебе беруге, "Балалар кітапханасы" жобасына қатысты бастамалары жүзеге асырылғанын ерекше атап өтті.
Қарин заң мен тәртіп қағидаттарын бекіту және ілгерілету жұмыстарының қоғамдық маңызы зор екеніне назар аударды. Атап айтқанда, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес, балалар мен әйелдердің құқықтарын қорғау, Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы заң жобасын әзірлеу, Парламент мәжілісінің вейптерді елімізге әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салу туралы заң жобасын қабылдауы осы бағыттағы ауқымды жұмыстардың аясына кіреді.
Қазіргі таңда көктемде өтетін Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысына дайындық жұмыстары жүріп жатыр.
Ұлттық құрылтай хатшылығы жиын барысында көтерілген бастамалады жинақтап, мұқият зерделейді.
Ұлттық құрылтай Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 2022 жылғы маусым айында құрылды. Ол консультативтік-кеңесші орган. Қызметінің негізгі мақсаты – қоғамдық бірігуді одан әрі дамыту бойынша идеялар мен қадамдар әзірлеу.
Оның міндеттеріне қоғамдық бірігуді дамыту, жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету және нығайту жөнінде ұсыныстар әзірлеу және енгізу, жұртшылық, саяси партиялар, үкіметтік емес сектор және мемлекеттік органдар өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету кіреді. Ұлттық құрылтай құрамы төрағадан, екі орынбасардан, мүшелерден және хатшыдан тұрады.
Тұрлыханов пен Дайрабаев шығарылды: Ұлттық құрылтай құрамы өзгерді