АСТАНА, 26 қаңтар – Sputnik. Sputnik Қазақстан алаңында өткен пікірталас кездесуінде Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ҚХА кафедрасының меңгерушісі Наталья Калашникова бүгінде Ресейде президенттік сайлаудың жаңа үрдісі қалыптасып жатқанын айтты.
"Ресей президент сайлауының жаңа үлгісін қалыптастыруда негізгі ойыншылардың біріне айналуда. Біріншіден, сайлау бюллетеньдері мен электронды жүйені пайдаланатын сайлаудың гибридтік нұсқасы айтарлықтай тиімді іске қосылды.
Біз үшін келесі формат өте қызық – Ресейде бар және тіркелген әртүрлі саяси күштердің атынан 11 кандидат ұсыну. Айқын гендерлік аспект пайда болды – Ресей басшысы болуға үміткер ретінде екі әйел адам өздерінің кандидатурасын ұсынды. Ал Өзін-өзі ұсынғандар санаты пайда болды", - деді сарапшы.
Ресейдегі президент сайлауы қазақстандықтар үшін өте маңызды, дейді Қазақстан президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының сайлауалды оқыту орталығының жетекшісі Жанар Бұқанова.
Мұндай сайлау басқа да бірқатар шет мемлекетте, яғни АҚШ, Ұлыбритания және Чехияда өтетініне қарамастан, Ресейдегі сайлау маңызды. Бұл ең алдымен тығыз экономикалық байланыстармен, көп жылдық бірлескен тарихпен, сондай-ақ елдерімізді байланыстыратын ең ұзын құрлық шекарасымен маңызды.
Ол сайлау нәтижелеріне қарамастан екі ел арасындағы ынтымақтастық жалғасады деп есептейді.
"Ынтымақтастықта ешқандай өзгерістер болмайды, өйткені бағыт белгіленген. Белгілі бір бағдарлар мен келісімдер бар – мемлекетаралық және өңіраралық. Экономикалық көрсеткішті алсақ та, соңғы 3 жылда Ресей Федерациясы мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 30 пайызға артқан. Қазіргі таңда өнеркәсіптік кооперация саласында 143 жоба бірлесіп жүзеге асырылуда. Оның 140-ы Қазақстанда, 3-і Ресей Федерациясында. Бұл байланыстар алдағы уақытта да қолдау тауып, жүзеге асады деп ойлаймын", – дейді Жанар Бұқанова.
Оның айтуынша, Қазақстан үшін көршілес елдердегі, әсіресе, көптеген интеграциялық бірлестіктер байланыстыратын Ресейдегі тұрақтылық маңызды.
"Әрине, Қазақстандағылар Ресей Федерациясында өтіп жатқан президент сайлауын жіті бақылайды. Сондықтан сайлау нәтижелері біз үшін өте маңызды. Егер Ресей Федерациясы мен Қазақстан арасындағы мемлекетаралық деңгейдегі барлық қарым-қатынастарды талдайтын болсақ, онда интеграциялық ниеттердің, экономикалық жобалардың, трансшекаралық және мәдени-гуманитарлық жобалардың басым бөлігі мемлекет басшыларының қолдауымен басталып, жүзеге асырылуда", - деді "Еуроазиялық мониторинг" аналитикалық зерттеулер орталығының директоры Әлібек Тәжібаев.
Оның пікірінше, сондықтан Ресейде өтетін сайлауда кім жеңетіні екі ел арасындағы қарым-қатынас үшін үлкен маңызға ие.
Оның пайымдауынша, Қазақстанның сарапшылар қауымдастығы Ресейдің өзінде ЕАЭО, ШЫҰ, ҰҚШҰ сияқты интеграциялық процестерді басқа саяси күштердің қалай бағалайтынын білуге қызықты болар еді.
Наталья Калашникова сондай-ақ Қазақстан аумағында да сайлау учаскелері құрылатынын хабарлады. Дәстүр бойынша олардың саны 17-18 болады. Ол учаскелерде Ресей консулдықтарының, өкілдіктерінің және дипломатиялық орталарының қызметкерлері дауыс береді.
Сарапшылар Ресейде өтетін президент сайлауына Қазақстан делегацияларының бақылаушы ретінде міндетті түрде қатысатынына сенімді. Олардың пікірінше, бұл саяси тұрақтылық пен ашықтық, сонымен бірге дауыс берудің әртүрлі механизмдері қалай қамтамасыз етілетіні туралы қызықты тәжірибе болады.