Ресейлік компания Маңғыстаудағы полимер құбырлардың өндірісіне инвестиция салады

Sputnik
АСТАНА, 25 қаңтар – Sputnik. Ресейлік "Еуропа құбыр жүйелері" компаниясы Қазақстандағы полимер құбырлар өндірісіне 5 миллион доллар инвестициялайды.
Маңғыстау облысының әкімдігімен жобаны жүзеге асырудағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Жаңа зауыт тұрғын үй-коммуналдық секторда қолдануға арналған "ARMPEX PURSYSTEMS" брендімен икемді алдын ала оқшауланған құбырларды өндіреді. Бұл өнімнің негізгі техникалық артықшылықтары – ыстыққа жоғары төзімділік (115C дейін) және 1,6 МПа дейінгі қысымда жұмыс істеу.
Жобаны жүзеге асыру үшін "Еуропа құбыр жүйелері" ЖШҚ бастапқы кезеңде бес миллион доллар көлемінде қаражат бөлуді қарастыруда. Жобаның аяқталуы 2024 жылдың 4-тоқсанына жоспарланған.
"Өндірістің "Ақтау теңіз порты" АЭА аумағында шоғырлануы бірқатар өзекті мәселелерді шешуге көмектеседі. Экономикалық мәнде бұл импортты алмастыру мүмкіндігін береді. Яғни, біз шетелдік компаниялардан өнімді сатып алудан өзіміз өндіруге көшеміз. "Ақтау теңіз порты" АЭА аумағында жылумен қамтамасыз ету үшін икемді полимерлі алдын ала оқшауланған құбырларды шығару желілерінің іске қосылуы өңірлік дамуға және сала үшін кадрларды даярлауға мүмкіндік береді", - деді "Еуропа құбыр жүйелері" ЖШҚ коммерциялық директоры және директорлар кеңесінің мүшесі Армен Арутюнов.
Зауыттың өндірістік қуаттылығы жылына кемінде 200 километр құбыр өнімдерін құрайды. Сондай-ақ, өндіріс жоба аяқталғаннан кейін 50 жұмыс орнын ашу арқылы өңір экономикасына қосымша серпін береді деп күтілуде.
Жаңа технологияларды пайдалану кезіндегі күрделі шығындар жылу желілері мен ыстық сумен жабдықтау үшін болат құбырларды өндіру шығындарымен тең. Ұзақ мерзімді келешекте пайдаланылатын құбырлар төтенше жағдайлар болмауына байланысты пайдалану шығындарын барынша азайтуға мүмкіндік береді. Бұл қала және облыс тұрғындары үшін жылу энергиясының тарифтеріне тиімді әсер етеді.
"Технологияның ерекшеліктерін ескере отырып, зауыт уақытында іске қосылып, сапалы өнім шығаруы қажет. Маңғыстау облысының әкімдігі қолданыстағы заңнама аясында әлеуетті инвесторға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Оның ішінде "Ақтау теңіз порты" арнайы экономикалық аймағының аумағында жер телімін беру, қажетті инженерлік коммуникацияларды тарту процесіне жәрдемдесу бар", - деді Нұрлан Ноғаев.
Ол жобаны жүзеге асыру Ақтау қаласының тұрғындарын сапалы жылу энергиясымен және ыстық сумен қамтамасыз етуге, энергия тиімділігін арттыру және энергия үнемдеу арқылы энергия шығындарын азайтуға бағытталғанын айтты.