АЛМАТЫ, 25 қаңтар - Sputnik. Қазақстан мен Ресей өкілдері биологиялық қауіпсіздік туралы консультациялар өткізді.
Тараптар шекаралас аудандарда аса қауіпті инфекциялардың мониторингі бойынша бірлескен топтар ұйымдастыруға ниетті.
"Кездесу Ресей мен Қазақстанның биоқауіпсіздік мәселелеріне көзқарастарының бір екенін растады. Екіжақты форматта да, бейінді көпжақты алаңдарда да, ең алдымен биологиялық және токсиндік қаруға тыйым салу туралы Конвенция және БҰҰ Бас Ассамблеясы, сондай-ақ ҰҚШҰ, ТМД және ШЫҰ шеңберінде одан әрі тығыз үйлестіру және сындарлы өзара іс-қимыл жасау қажеттігі атап өтілді", - делінген Ресей СІМ сайтында жарияланған хабарламада.
Ресей ведомствосы Саратовта өткен консультациялар кезінде ресейлік және қазақ тараптары екі елдің аумағындағы биологиялық қатерлерді бағалаумен алмасты және қолданыстағы уағдаластықтардың іске асырылу барысын зерделеді деп қосты.
"Қазақстанның бастамалары бойынша шекара маңындағы аудандарда аса қауіпті инфекциялардың мониторингі жөніндегі бірлескен топты ұйымдастыру және биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттікті құру туралы пікірталас өтті", - деп хабарлады дипломатиялық ведомство.