АСТАНА, 24 қаңтар – Sputnik. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек Алматыда жер сілкініп жатқанда байланыс операторлары тұрғындарға SMS-хабарламаны неге тым кеш жібергенін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, азаматтық қорғау туралы заңға сәйкес, байланыс операторлары төтенше жағдайлар кезінде жаппай SMS-хабарлама жіберуге міндетті. Олар бұл талапты орындап та жатыр, бірақ проблема – технологияда.
"SMS-хабарлама айтарлықтай баяу жетеді. ТЖ режимінде азаматтарды жедел құлақтандыру немесе қайда бару керек екені туралы ақпарат ұсыну мүмкін емес", - дейді Оразбек мәжіліс кулуарында.
Десе де азаматтарға ТЖ туралы лезде хабарлауға мүмкіндік беретін технология бар.
"Технология бар. Қандай қосымшаны қолдансаңыз да, экран бетіне шығатын жедел хабарлама болады. Егер телефон қосулы болса, сіз осындай хабарламаны аласыз. Мұндай шешім Қазақстанда да бар. Байланыс операторлары әзірлеген. ТЖ министрлігімен бірлесіп сынақтан да өткізілді", - деп атап өтті Оразбек.
Айтуынша, жедел хабарламаларды іске қосу үшін қаржыландыру қажет.
"Біз азаматтық қорғау туралы заңға осы шешімді қолдануға мүмкіндік беретін норманы енгізуді жоспарлап отырмыз. Бірақ мемлекет тарапынан қаржыландыру қажет", - деді вице-министр.
Алайда ол нақты қанша ақша қажет екенін айта алмады.
ТЖ кезінде SMS-хабарламаны баяу жібергені үшін байланыс операторларына айыппұл салу көзделмеген.
Естеріңізге сала кетейік, 23 қаңтар күні 00 сағат 09 минутта Алматыда жер сілкінді. Жер сілкінісі Алматыда 5 балл деңгейінде сезілген. Тұрғындар үрейленіп, үйлерін тастап, далаға шығып кеткен.
Жер сілкінісі туралы ескерту хабарлама алматылықтарға тым кеш, екі-үш сағаттан соң келген.
Алматы қалалық ТЖ депаратментінің басшысы Нұрлан Атығаев түнгі жер сілкінісі туралы SMS-хабарлама неге кеш жіберілгенін түсіндірді.