АСТАНА, 24 қаңтар – Sputnik. "AMK Global GmbH" неміс компаниясы Тараз қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеуден өткізетін зауыт салуға ниетті, деп хабарлайды Жамбыл облыстық әкімдігі.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен "ThiemeBieg & Associates GmbH" консорциумының бас директоры Тиме Торстеннің кездесуінде аталған жобаны жүзеге асыру мәселесі талқыланды.
"Тәулігіне 500 тонна қоқыс өңдеуге қуатты зауыт 100 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Компания жобаны іске асыру үшін 140 миллион еуро инвестиция салуды жоспарлауда", - делінген әкімдік хабарламасында.
Мюнхен университеті әзірлеген озық технологияларды пайдаланатын "AMK Global GmbH" компаниясы қалдықтардың 80 пайызына дейін қайта өңдеуден өткізеді. Сондай-ақ, кәсіпорында қоқысты сұрыптау бойынша автоматты желі іске қосылады.
Бұдан бөлек, мұнда оттегі, азот, компост, көміртекті талшық және таза авиациялық отын секілді жанама өнімдер өндірісін жолға қою жоспарланып отыр.
Жалпы кәсіпорынның қуатылығын кезең-кезеңмен арттыру полигондағы қалдықтарды тасымалдау мен оларды қайта өңдеуге мүмкіндік береді.