АСТАНА, 23 қаңтар – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев алдын ала жоспарланған жұмыс кестесіне сәйкес 24-25 қаңтар күндері Алматыға барады, деп хабарлады президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли.
"Мемлекет басшысы мегаполистегі бірқатар нысанды аралайды. Соның ішінде Қаңтар оқиғасынан кейін күрделі жөндеуден өткен әкімдік ғимаратына барып, қаладағы жағдайға байланысты жиын өткізеді", - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты "СТӘК" ЖШС-ның сейсмикалық стансалар желісі Алматы уақытымен 23 қаңтар күні 00 сағат 09 минутта жер сілкінісін тіркеді. Жер сілкінісі Алматыда 5 балл деңгейінде сезілді.
Алматылықтардың айтуынша, жерасты дүмпуі осы жолы қатты сезілді. Үйлері ұзақ уақыт бойы шайқалған. Тұрығындар үрейленіп, үйлерін тастап, далаға шығып кеткен.