АСТАНА, 23 қаңтар – Sputnik. Алматыда жер сілкінісі салдарынан 23 қаңтар күнгі сағат 03:00-дегі жағдай бойынша 8 адам зардап шекті, деп хабарлайды қаланың денсаулық сақтау басқармасы.
Олардың барлығы қалалық ауруханаға жеткізілді.
Басқарманың мәліметінше, тұрғын үйлердің 2-ші және 3-ші қабаттан секіріп кеткен үш адам жарақат алды. Медициналық тексерістен кейін екі тұрғын амбулаториялық емделуге жіберілді. Үшінші науқастың жағдайы ауыр, қазір ол ауруханада жатыр.
Сондай-ақ, үйлерінен жүгіріп шыққан бес адам жарақат алды. Барлық қажетті медициналық көмек көрсетілгеннен кейін олар да амбулаториялық емдеуге жіберіледі.
Еске салайық, төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты "СТӘК" ЖШС-ның сейсмикалық стансалар желісі Алматы уақытымен 23 қаңтар күні 00 сағат 09 минутта жер сілкінісін тіркеді. Жер сілкінісі Алматыда 5 балл деңгейінде сезілді.
Алматылықтардың айтуынша, жерасты дүмпуі осы жолы қатты сезілді. Үйлері ұзақ уақыт бойы шайқалған. Тұрығындар үрейленіп, үйлерін тастап, далаға шығып кеткен.