Алматыда дабыл неге қағылмады – ТЖД себебін түсіндірді

Оның айтуынша дабыл қағылса, халық қатты дүрлігіп кететін еді
Sputnik
АСТАНА, 23 қаңтар – Sputnik. Алматы қалалық төтенше жағдайлар депаратментінің басшысы Нұрлан Атығаев түнгі жер сілкінісі кезінде сиреналар неге қосылмағанын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазіргі кезде қала бойынша 843 электр сиренасы орнатылған. Соның арқасында Алматыдағы сейсмикалық жағдайды толығымен бақылауға мүмкіндік бар.

"Жер сілкінісін анықтайтын станциялар 5,5 балдық дүмпулерді тіркеген кезде ғана электр сиреналар іске қосылады. Осы жолы дабыл қағылған жоқ. Әйтпесе, халық қатты дүрлігіп кететін еді. Ал жер сілкінісінің күші 5 балл шамасында болды", - деді Атығаев бүгінгі брифингте.

Еске сала кетейік, төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты "СТӘК" ЖШС-ның сейсмикалық стансалар желісі Алматы уақытымен 23 қаңтар күні 00 сағат 09 минутта жер сілкінісін тіркеді. Жер сілкінісі Алматыда 5 балл деңгейінде сезілді.
Алматылықтардың айтуынша, жерасты дүмпуі осы жолы қатты сезілді. Үйлері ұзақ уақыт бойы шайқалған. Тұрығындар үрейленіп, үйлерін тастап, далаға шығып кеткен.
Мамандардың айтуынша, жер сілкінісі Қырғызстан мен Қытайдың шекарасында 5 шақырым тереңдікте болған. Күші - 7 балл. Сол себепті дүмпулер барлық Орталық Азияға тарады. Алматы жер сілкінісі болған жерден 265 шақырым шалғай жерде орналасқан.
Алматыда жер сілкінді