АСТАНА, 23 қаңтар – Sputnik. Алматыда жалған мәмілелер бойынша шот-фактуралар жазумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері сотталды, деп хабарлайды қаржылық мониторинг агенттігі.
Агенттіктің мәліметінше, Алматыда ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері банктік шоттардан ақша қаражатын қолма-қол ақшаға айналдырып, ойдан шығарылған мәмілелер бойынша шот-фактураларды жазумен айналысқан.
"А.Абдуллаев бастаған ұйымдасқан қылмыстық топтың 5 мүшесі 2018 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде жүйелі түрде бақылауындағы 15 компания мен 170-тен астам жеке кәсіпкердің банктік шоттары арқылы 11,7 млрд теңгені қолма-қол ақшаға айналдырғаны анықталды", - делінген ведомство хабарламасында.
Сот үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топ ұйымдастырушысы және қатысушылардың бірі кінәлі деп танылып, олар жалпы режимдегі колонияда 6 және 7,5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Сонымен қатар, сотқа дейінгі тергеу аясында осы қылмысқа қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топтың тағы үш мүшесіне халықаралық іздеу жарияланды.
"Жалған мәмілелер жасасу, қаражатты заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру ел бюджетіне миллиардтаған салықтардың түспеуіне әкеліп соғады. Экономикалық қылмыстың бұл түрі мемлекеттік әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға, зейнетақы мен жәрдемақыларды төлеуге, жаңа жол, аурухана, мектеп салуға кедергі келтіреді", - дейді агенттік мамандары.