АЛМАТЫ, 22 қаңтар - Sputnik. Шетелде білім алған азаматтар білім туралы құжаттарын "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы "білім беру құжаттарын тану" мемлекеттік қызметіне тапсыра алады. Бұл туралы Қазақстанның ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.
Хабарламада бұл қызметті ғылым министрлігінің "Жоғары білім беруді дамытудың ұлттық орталығы" көрсететіні айтылған.
Қызметті алу үшін eGov.kz порталына кіру қажет және "білім" деген нұсқаны таңдау қажет. "Жоғары" немесе "жоғары оқу орнынан кейінгі білім" бөлімінде қажетті қызметті таңдап, әрі қарай порталға кіріп, "Қызметке онлайн тапсырыс беру" батырмасын басу керек. Осыдан кейін "білім туралы құжаттарды тану", "білім туралы құжаттарды тану туралы куәліктің төлнұсқасы" қызметтеріне иесі туралы негізгі мәліметтерді енгізіп, барлық қажетті құжаттардың нотариалды куәландырылған көшірмелерін тіркеп, қызметке ақы төлеп, ЭЦҚ көмегімен қол қою қажет.
Нәтижесінде ізденушіге білім туралы шетелдік құжатты электрондық нысанда тану туралы куәлік келеді немесе мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап ала алады.