Шығыс Қазақстанда беймәлім жыртқыш 15 қойды қырып тастады

Sputnik
АСТАНА, 21 қаңтар - Sputnik. Таңертең Бастаушы (Самар ауданы) ауылдық округіне қарасты Көкжота ауылында 15 қойдың өлексесі табылды, деп хабарлайды Аltaynews.kz.
Тұрғын Еділхан Сарбасовтың қорасына белгісіз жыртқыш аң кіріп, 15 бас қойды қырып, онын жаралаған.
Оқиға орнына аудан әкімі Нұрлан Махамбетов, ауылдық округ әкімі Арман Кеңесбеков, сондай-ақ жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері шұғыл аттанды.
"Белгісіз жыртқыш есік астынан өткел қазып, қораға кірген. Бұл сілеусін секілді. Егер ол қасқыр болса, қойларды жұлмалап тастар еді, бірақ бұл жыртқыш өлекселерді сол күйінде қалдырды. Қойлардың өлексесі мал көметін арнайы орынға көмілді. Бұл жыртқыштың сілекейінде әртүрлі қауіпті аурулардың инфекциясы болуы мүмкін. Қазір ауылдық округ әкімдігінің қызметкерлері келген шығынды есептеп жатыр", - деді аудан әкімінің орынбасары Қайдар Сұрашев.
Жабайы жануарлардың малға қайта шабуыл жасауының алдын алу үшін жергілікті атқарушы органдар орман шаруашылығы басшыларына жыртқыш аңдарға бақылауды күшейтуді тапсырды.