Канвонда жасөспірімдер Олимпиадасы өтетін нысандарды қар басып қалды

Қалың жауған қар салдарынан жасөспірімдер арасындағы қысқы Олимпиада ойындарының бірнеше іс-шарасы тоқтатылды
Sputnik
АСТАНА, 21 қаңтар – Sputnik. Оңтүстік Кореяда жасөспірімдер арасындағы қысқы Олимпиада ойындары өтіп жатқан Канвондо провинциясының кей жерінде қалың қар жауды. Әкімшілік төтенше жағдай жариялады, деп хабарлайды Yonhap.
Корея метеорологиялық басқармасының мәліметі бойынша, сенбі күні кешкі сағат 21:00-де Канвондо провинциясындағы Каннын қаласына 41,6 сантиметрге жуық қар жауды, ал көршілес Самчхок қаласында қар қалыңдығы 33,4 сантиметрге жетті.
Агенттіктің хабарлауынша, Каннындағы кейбір жолдар жабылған. Сонымен қатар, таулы аймақтарда 10 сантиметрге дейін қар жауады деп күтілуде.
Провинцияда қалың қар туралы ескерту жарияланды. Қар тазалауға 5620 адам мен 693 арнайы техника жұмылдырылды.
19 қаңтарда Оңтүстік Кореяда жасөспірімдер арасындағы IV қысқы Олимпиада ойындары басталды. Спорттық іс-шара 1 ақпанға дейін жалғасады.
Ойындарға 78 елден келген 1802 спортшы қатысып, 7 спорт түрінен 15 бағдарлама бойынша 81 медаль жиынтығы үшін таласады.
Қазақстандықтар 2 медаль – алтын және қола жүлде жеңіп алды.