АСТАНА, 21 қаңтар – Sputnik. 2020-2023 жылдары Еуразиялық экономикалық одақтың ЖІӨ-і 4,1%-ға өсіп, 2,2 триллион долларды құрады, деп хабарлады ЕЭК.
"Өнеркәсіп өндірісі 8,3%-ға, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 5,7%-ға өсті. Ауыл шаруашылығы өнімдері 11,8%-ға өсті. ЕАЭО мемлекеттерінің өзара саудасының көлемі осы кезеңде 1,5 есеге өсті", - деді ЕЭК Алқасының төрағасы Михаил Мясникович.
ЕАЭО-ның негізгі құжаттары
Осы жылдар ішінде Одақтың мемлекет басшылары Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын бекітті.
ЕАЭО ынтымақтастық жобаларын қаржыландырудың жаңа механизмін әзірледі, бұл осы жобаларды 2024 жылдан бастап іріктеу мен іске асыруға кірісуге мүмкіндік береді.
ЕАЭО-да тасымалдауды қадағалау үшін навигациялық пломбаларды пайдалану туралы келісім күшіне енді, оны іс жүзінде іске асыру 2024 жылдың басынан басталуы тиіс.
Мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыру бойынша банктік кепілдіктерді өзара тану туралы келісімге қол қойылды.
2023 жылдың 25 желтоқсанында Еуразиялық экономикалық одақтың мемлекет басшылары 2030 жылға дейін ЕАЭО-ны дамыту декларациясына және 2045 жылға дейінгі кезеңге арналған "Еуразиялық экономикалық жолға" қол қойды.
"Декларация Одақтың 2045 жылға қарай экономикалық, технологиялық және интеллектуалдық көшбасшылыққа ие өзін-өзі қамтамасыз ететін, үйлесімді дамыған және әлемнің барлық елдері үшін тартымды және одаққа мүше мемлекеттер халқының әл-ауқаты жоғары деңгейдегі макроөңірге айналдыру жолындағы 2030 жылға дейінгі орта мерзімді кезеңге арналған міндеттерін айқындайды", – деп хабарлады ЕЭК-тегілер.
ЕАЭО басқа ұйымдармен ынтымақтастықты қалай жүзеге асырды
2020 жылы Куба мен Өзбекстан ЕАЭО жанындағы бақылаушы мемлекет мәртебесін алды. Иранмен уақытша келісімнен толық форматтағы сауда келісіміне көшу бойынша жұмыс аяқталды.
ШЫҰ, АСЕАН және АӨСШК-пен бірге Үлкен Еуразияда үздіксіз байланыс кеңістігі қалыптасуда, Қытаймен бірге еуразиялық интеграция және "Бір белдеу, бір жол" бастамасын үйлестіру жүзеге асырылып жатыр.
БРИКС және Африка Одағымен сындарлы диалог құрылуда. Бұл жұмыс Үлкен Еуразиялық әріптестік идеясын іс жүзінде жүзеге асыруға қосылған үлес болып табылады.
Михаил Мясниковичтің айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ бес елдің тыныс-тіршілігінің ажырамас бөлігіне, маңызды біріктіруші бастамаға айналды.
Есепте Комиссияның барлық блоктарының жұмыс нәтижелері көрсетілген. Олар мыналар:
ЕЭК Алқасының Төрағасы;
интеграция және макроэкономика;
экономика және қаржы саясаты;
өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен;
сауда;
кедендік ынтымақтастық;
бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу;
техникалық реттеу;
энергетика және инфрақұрылым;
ішкі нарық, ақпараттандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар.
Есепте комиссия қызметінің барлық бағыты бойынша материалдарда ұсынылған еуразиялық дамудың тарихи бөлігін де, келешегін де қамтиды.