АСТАНА, 20 қаңтар – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Канвонда өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Олимпиадада тұғырдан шаңғымен секіру спортынан Қазақстан тарихындағы тұңғыш алтын медальді жеңіп алған Илья Мизерныхты айтулы жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Facebook парақшасында жазды.
"Мемлекет басшысы чемпионның әлі де талай жеңіс тұғырынан көрініп, биіктерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді. Сондай-ақ Канвондағы додаға қатысып жатқан отандық споршыларға табыс тіледі", - делінген Уәлидің жазбасында.
Еске сала кетейік, шаңғымен тұғырдан секіруден Қазақстан командасының мүшесі Илья Мизерных Канвондағы жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы атанды. Қазақстан бұған дейін жасөспірімдер қысқы Олимпиадасында алтын медаль алмаған.