Кентаудағы мектеп-интернатта мұғалімнің көмекшісі балаларға күш көрсеткен

Мұғалім көмекшісі лицейде волонтер болып жұмыс істеген
Sputnik
АСТАНА, 20 қаңтар – Sputnik. Кентаудағы білім беру мекемелерінің бірінде мұғалімнің көмекшісі балаларға күш көрсеткен, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Түркістан облысы бойынша өкілінің көмегімен лицей оқушыларына қатысты физикалық күш қолдану фактісі анықталды.
"Кентауда жан түршігерлік оқиға болған. Лицей-интернат оқушылары бірінің анасы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Түркістан облысы бойынша өкіліне хабарласып, баласына, сондай-ақ басқа оқушыларға білім беру мекемесі мұғалімінің көмекшісі физикалық және психологиялық зорлық-зомбылық көрсетіп жатқанын жеткізген", - делінген хабарламада.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі оқушылардың ата-аналары, қалалық прокуратура және Түркістан облысы білім басқармасы өкілдерінің қатысуымен жедел қабылдау өткізіп, білім басқармасына сауал жіберді.
"Тексеру барысында күш қолдану және моральдық қысым көрсету фактілері расталып, мұғалім көмекшісінің лицейде волонтер болып жұмыс істегені де белгілі болды. Онымен ынтымақтастық тоқтатылды", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар қызметтік міндеттерін орындамағаны үшін лицей-интернатының директоры, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, тәрбие психологы, сынып жетекшісіне сөгіс беріліп, тәртіптік жауапқа тартылды.