Білім

Талапкерлерге ҰБТ уақытын еске салатын SMS-хабарлама жіберіледі

Мұндай хабарлама кәмелетке толмаған тест тапсырушылардың ата-анасына да жолданады
Sputnik
АСТАНА, 19 қаңтар – Sputnik. Енді ҰБТ-ға тіркелген талапкерлер тестілеудің күні, уақыты мен орнын еске салатын SMS-хабарлама алады, деп хабарлайды ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығы.
ҰБТ-ға тіркелген әрбір талапкерге app.testcenter.kz ресми сайтына тіркелу кезінде көрсетілген телефон нөміріне SMS-хабарлама жіберіледі. Сондай-ақ, мұндай хабарламалар кәмелетке толмаған тест тапсырушылардың ата-анасына немесе заңды өкілдеріне де жолданады.
"ҰБТ тапсыратындар тестілеу өткізілетін күнді, уақытты және орынды ұмытып кетуі немесе шатастырып алуы мүмкін. Әсіресе, тіркелу барысында бірнеше рет өзгерту енгізетін талапкерлер арасында осындай жағдайлар кездесіп тұрады. Бірде-бір талапкер маңызды емтиханды жіберіп алмауы үшін Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ өтетін күннен бір күн бұрын әрбір тестіленушінің нөміріне SMS-хабарлама жібереді", - деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Орталық ақпаратынша, SMS-хабарлама қызметі тестілеу процесінің барлық қатысушысы үшін барынша айқындық пен ыңғайлылықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Естеріңізге сала кетейік, талапкерлер тестілеу туралы мәліметтермен ҰТО сайтындағы жеке кабинетте немесе UTO қосымшасы арқылы таныса алады.
Дерекқор
ҰБТ – 2024: түлектер үшін не өзгереді