АСТАНА, 19 қаңтар - Sputnik. "Қазақстан Республикасының аумағында уақытты есептеу тәртібі туралы" үкімет қаулысына сәйкес 1 наурыздан бастап Қазақстанның барлық аумағында бірыңғай уақыт белдеуі белгіленеді.
Осылайша, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына 5-ші уақыт белдеуі (UTC+5) қолданылады.
"Астана, Алматы қалаларының әкімдіктері, Шымкент, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында және Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағатқа артқа қою керек", - делінген құжатта.
Бүгінгі таңда Қазақстанда UTC+5 және UTC+6 екі уақыт белдеуі бар. Ел аумағының көп бөлігі (батыс облыстарды қоспағанда) UTC+6 аймағында орналасқан.
Қаулы 2024 жылғы 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі.