Ақмола облысында неміс инвесторына 25 млн теңге негізсіз салық салынған

Қосымша есептеу үшін тауарлардың шығу тегі туралы сертификаттарда кейбір деректердің болмауы негіз болған. Ал инвестор қажетті деректер жетіспейтін тауардың шығу тегі туралы сертификаттардың нұсқаларын ұсынған. Осыған қарамастан, салық органы оларды ескермеген
Sputnik
АЛМАТЫ, 19 қаңтар – Sputnik. Ақмола облысында неміс инвесторына салық органы кедендік тексеру нәтижелері бойынша 25 млн теңге кедендік баж, ҚҚС және өсімпұл есептеген, деп хабарлайды облыстық прокуратура.
"Rubber Technical Items" неміс инвесторы прокурорларға жүгінген. Ол автомобильдер мен ауылшаруашылық техникаларына арналған қосалқы бөлшектер шығарумен айналысады.
"Инвестор фискалдық орган тарапынан проблемаға тап болған. Салық органы кедендік тексеру нәтижелері бойынша 25 млн теңге кедендік баж, ҚҚС және өсімпұл есептегені анықталды", - дейді ведомство.
Қосымша есептеу үшін тауарлардың шығу тегі туралы сертификаттарда кейбір деректердің болмауы негіз болған.
Ал инвестор қажетті деректер жетіспейтін тауардың шығу тегі туралы сертификаттардың нұсқаларын ұсынған.
"Осыған қарамастан, салық органы оларды ескермеген. Прокурорлық қадағалау актісімен кедендік тексеру қорытындылары бойынша негізсіз қосымша есептелген сома жойылды", - дейді прокуратура.
Бизнесті қорғау мақсатында прокуратурада инвесторлар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топ және CALL-орталық жұмыс істейді.
"Бизнес субъектілері инвесторлар, кәсіпкерлер проблемалар туындаған жағдайда бұзылған құқықтар мен мүдделерді қорғау және қалпына келтіру үшін прокуратура органдарына жүгіне алады, байланыс нөмірі +77051291140", - деп жазды Ақмола облысының прокуратурасы.