Шетелдіктер асырап алған жүздеген бала туралы ақпарат жоқ – сенаторлар дабыл қақты

2013-2019 жылдары шетелдіктер Қазақстаннан 157 бала асырап алған
Sputnik
АСТАНА, 19 қаңтар – Sputnik. Сенататтың бір топ депутаты бас прокурорға депутаттық сауал жолдап, шетелдіктер асырап алған балаларды тауып беруді сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутат Дархан Қыдырәлінің айтуынша, 2013-2019 жылдары шетелдіктер Қазақстаннан 157 бала асырап алған. Соңғы төрт жылда тағы бір бала сыртқа шықты. 1999-2011 жылдары арасында шетелдіктер 8 805 баланы асырап алған. Олардың 5 217-сі қазір кәмелет жасқа толуына байланысты есептен шығарылды. Ал кәмелетке толмаған 3 588 бала туралы есеп алынып тұрады.
"Өкінішке қарай, есеп бермейтіндер де аз емес. Мәселен, Оңтүстік Африка еліне кеткен 30 баладан хабар-ошар жоқ. Сол сияқты АҚШ-тағы 104, Бельгиядағы 113, тағы да басқа баланың тағдырын білмейміз. Ең сорақысы, 1999 жылға дейін елімізден шетелге қанша баланың кеткені туралы мүлдем мәлімет жоқ", - деді Қыдырәлі сенаттың бүгінгі отырысында.
Сенатордың сөзіне қарағанда, 2014 жылы бас прокуратура арнайы тексеріс жүргізген. Жетім балалар мен оларды асырап алған азаматтардың бірыңғай жүйесін құруға қатысты ұсыныс та болған.
"Бұл тексерістің нәтижесі және қабылданған шешімдердің орындалу барысы туралы бізге беймәлім. Айталық, Оңтүстік Африка, Кения, Филиппин, Мексика, Мальта, Аргентина сияқты елдерге кеткен 120 бала бақылауға алынды ма? Бірыңғай мәліметтер жүйесі құрылды ма? Жауап күтетін сауалдар көп", - деп атап көрсетті Қыдырәлі.
Сенаторлар үкімет басшысына да депутаттық сауал жолдап, шетел асып кеткен балалар туралы мәліметті жинауды талап етті. Ондай балаларға барлық көмек те берілуі қажет.