Пәкістан қарулы күштерін жоғары дайындықта ұстап тұр – БАҚ

Пәкістан бүгін Иранның Систан және Белуджистан провинциясындағы террористер жасырынған жерлерге бірқатар соққы жасағанын хабарлады
Sputnik
АСТАНА, 18 қаңтар – Sputnik. Пәкістан Иранмен арадағы шиеленіс жағдайында өз армиясын дайындықта ұстап тұр, деп хабарлады РИА Новости Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
"Пәкістанның қарулы күштері төтенше жоғары дайындықта ұстап тұр", - деп хабарлады агенттік Пәкістан қауіпсіздік қызметінің жоғары лауазымды қызметкеріне сілтеме жасап.
Күш құрылымдарының өз атын атамаған өкілі Иран тарапынан жасалған кез келген әрекетке күшпен жауап берілетінін айтты.
Пәкістан бүгін Иранның Систан және Белуджистан провинциясындағы террористер жасырынған жерлерге бірқатар соққы жасағанын хабарлады. Иранның ішіндегі басқарусыз аумақтардан шыққан және өздерін "сармачарлар" деп атайтын пәкістандық террористер соққы нысаны болғаны айтылды.
Өз кезегінде осы провинцияның билігі Пәкістан соққысынан Иран азаматтары емес үш әйел мен төрт бала, сондай-ақ екі ер адам құрбан болғанын айтты.
Сейсенбі күні Иран қарулы күштерінің элиталық бөлімшесі – Ислам революциясы сақшылар корпусы – "Джейш әл-Әділ" лаңкестік тобының Белуджистандағы базасына баллистикалық зымыран және ұшқышсыз ұшақпен соққы бергенде екі ел арасындағы қарым-қатынас шиеленісті.
Исламабад бұл шабуылды қатаң сынға алып, өз елшісін кері шақырып алып, Иран дипломатиялық миссиясының басшысы да әзірше Пәкістандағы жұмысын жалғастыра алмайтынын айтты.
Сонымен қатар сейсенбіге қараған түні Ислам революциясы сақшылар корпусы Ирак Күрдістанының астанасы Эрбиль қаласына, АҚШ консулдығы мен халықаралық әуежай аймағында баллистикалық зымыранмен шабуыл жасады. Тегеран "Израиль сыртқы барлау қызметі "Моссадтың" негізгі штаб-пәтерінің бірі" нысана болғанын айтты.