АСТАНА, 18 қаңтар - Sputnik. Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова адам папилломасы вирусына қарсы вакцина егу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрлік 9 млрд теңгеге папиллома вирусына қарсы вакцинаны сатып алуды жоспарлап отыр. Жалпы, Қазақстанға 350 мың дозасы жеткізіледі. Вакцина екі рет салынады. Сондықтан 175 мың адамға жетеді.
"Негізі бұл вакцинаны 11-14 жас аралығында салуға кеңес беріп жатады. Біз 11 жастан бастап егеміз. Вакцина алғашқы жыныстық қатынасқа дейін салынуы қажет. Сонда тиімділігі жоғары болады", - деді Есмағамбетова сенатта өткен брифингте.
Оның айтуынша, вакцинация кезінде 11 жастағы қыздарға ғана екпе тегін салынады. Ал әйелдер ақылы вакцинаны іздеуі керек.
Айта кетері, папиллома вирусы жатыр мойны обырының қоздырушысы болып саналады. Қазақстанда жыл сайын 1800 әйел осы онкологиялық ауруға шалдығып, 600-і қайтыс болады.