Қазақстанда француздардың лицензиясымен аусылға қарсы вакцина өндіріледі

Қазақстандық "QazBioPharm" және "Boehringer Ingelheim" француз компаниясы өндіріс туралы келісімге қол қойды
Sputnik
АСТАНА, 18 қаңтар – Sputnik. Қазақстанда аусылға қарсы ең үздік вакциналардың бірі шығарыла бастайды. Францияда "QazBioPharm" ұлттық холдингі" АҚ мен "Boehringer Ingelheim Animal Health France" француз компаниясы арасында лицензия, жеткізу және серіктестік туралы келісімге қол қою рәсімі өтті, деп хабарлайды еліміздің сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
2025 жылы Қазақстан вакцинаның 20 млн дозасын шығаруы тиіс.
"Осы келісімге қол қою Франция президенті Эммануэль Макронның 2023 жылғы қарашадағы Астанаға ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың жалғасы болады", - делінген хабарламада.
Бұған дейін Тоқаев Boehringer Ingelheim France компаниясының президенті Кристиан Вайзенмен қазақ-француз бизнес форумы аясында өткен кездесуде отандық QazBioPharm холдингі мен Францияның Boehringer Ingelheim компаниясы арасында технологияларды беру туралы қол жеткізілген келісімнің маңыздылығын атап өткен болатын.
Мемлекет басшысының айтуынша, ветеринария саласын дамыту азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ерекше рөл атқарады.
"Boehringer Ingelheim" әлемдегі ең үздік 20 фармацевтикалық компанияларының қатарына кіреді. Оның бүкіл әлем бойынша 142 өкілдігі бар.