АСТАНА, 17 қаңтар – Sputnik. Жаңа оқу жылынан бастап 11 жастағы қыздарға адам папиллома вирусына қарсы тегін вакцина салдыртуға болады. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министр былтыр елімізде ауқымды онкологиялық бағдарлама қабылданғанын, онда қатерлі ісіктің алдын алуға үлкен көңіл бөлінгенін атап өтті.
"Елімізде жатыр мойны обырының алдын алу мақсатында биылдан бастап қыздарды адам папиллома вирусына қарсы вакциналау енгізіледі. 11 жастағы қыздардың ата-аналарына өз балаларын қатерлі дерттен қорғау үшін екпе салдырту ұсынылады. Вакцинация ата-аналардың келісімімен ғана жүргізіледі", – деді Ғиният мәжіліс кулуарында журналистер сұрағына жауап беріп.
Оның айтуынша, республика бойынша 170 мың қыз вакцина алуға тиіс. Вакциналау науқаны мектептер мен екпе егу кабинеттерінде жүргізіледі. Алайда министр балаларға қандай екпе егілетінін нақтылаған жоқ, айтуынша, вакцина әлі сатып алынбаған.
Сондай-ақ журналистер ұлдарға папиллома вирусына қарсы вакцина салу мәселесі қарала ма деп сұрады.
"Егер қоғам қолдап, ұлдарды да вакциналау қажет деп шешсе, біз келесі жылы барлық ұсынысты ескереміз", – деді Ғиният.
Айта кетері, жатыр мойны обыры – жатыр мойны эпителийінде пайда болатын қатерлі ісік. Жатыр мойны ісігі қазақстандық әйелдерде жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірі болып саналады. Сондай-ақ, бұл адам папиллома вирусына қарсы вакциналау арқылы алдын алуға болатын обырдың жалғыз түрі. Көп жағдайда жатыр мойны обырының дамуына папиллома вирусы себеп болады.
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратынша, Қазақстанда әйелдер арасындағы онкопатология құрылымында жатыр мойны ісігі сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр. Жыл сайын "жатыр мойны обыры" диагнозы 1800 әйелге қойылады, жыл сайын осы аурудан 600 қазақстандық әйел қайтыс болады.
Бұған дейін Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты онкогинекология орталығының жетекшісі Ерлан Кукубасов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында папиллома вирусына қарсы вакцина бедеулікке әкелмейтінін нақты дәлелмен түсіндіріп берген болатын.