АСТАНА, 17 қаңтар – Sputnik. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи "Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті қызметіне Тимур Құлыбаев келгеннен бері елдің спорттық жетістіктері құлдырай бастағанын" мәлімдеді.
Депутаттың ақпаратынша, Токиодағы соңғы жазғы Олимпиада ойындарында спортшылар бірде-бір "алтын" немесе "күміс" алған жоқ, тек 8 қола медальмен қайтты. Ал медальдық есепте еліміз 83 орынға бір-ақ түсті. Оның пікірінше, Париж Олимпиадасында да ұлттық құрама осының кебін киюі мүмкін.
"Тимур Құлыбаев келгелі Ұлттық Олимпиада комитетінің басшылығына кілең "Ескі Қазақстанның" өкілдері іріктеліп алынды. Оның ішінде, бір-біріне айнымас құда-жекжаттар мен миллиардер күйеудің олигарх-достары өріп жүр. Сонымен қатар комитетке мүше болып сайлануға 70 жас шектеуі белгіленген. Қазіргі мүшелердің ішінен бұл цензден асып кеткендер де, күні ертең толайын деп отырғандар да бар. ҰОК басқарушы органының осындай шал-шауқандар құрамымен қандай жеңіске жетуге болады?", - дейді Бәпи премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында.
Депутаттың ақпаратынша, Құлыбаев Қазақстанның ең ірі 50 жеке бизнесі қатарына кіретін компаниялардың активтерін иелене отырып, бірқатар ірі бизнес жобаларды бақылайды. Оның ішінде "АЛМЭКС" холдинг тобы, "Каспий Мұнай" және "Retro Retail" мұнай компаниялары бар.
"Мұндай шамадан тыс жүктемемен оның олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға мүлдем уақыты жоқ деуге болады! Оның ойы елдің мұнайын сатып, қалтасын толтыру. Спортты қайтсын?!", деп ашынды мәжілісмен.
Бәпи Ұлттық Олимпиада комитетіне түбегейлі өзгерістер қажет деп санайды.
Осыған байланысты депутат "Париж Олимпиадасы алдындағы лицензиялық спорт турнирлеріне бай-бағыландардың өкілін емес, ауылдан шыққан, көкірегінде намысы бар патриот, кәсіби спортшыларды апару қажет" деп есептейді.
Бұдан басқа ол спорт саласындағы жемқорлық пен сыбайластық, таныс-тамырлықты түбімен жойып, ҰОК басшылық құрамына Жаңа Қазақстан өкілдерін тарту керек екенін мәлімдеді.