Майқайыңда автобус құлаған жердің астында бұрын шахта болғанын ешкім ескертпеген – депутат

Мәжілісменнің ақпаратынша, "Майқайың Алтын" АҚ-ның бүкіл акциясы Кипрде орналасқан Rence Enterprises LTD компаниясына тиесілі
Sputnik
АСТАНА, 17 қаңтар – Sputnik. Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы Павлодар облысында "Майқайың Алтын" АҚ аумағында болған апатқа қатысты үкімет пен бас прокуратураға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Екі апта бұрын Павлодар облысы Баянауыл ауданында "Майқайың Алтын" АҚ аумағында құтқарушылар мінген автобус жер астына түсіп кеткен болатын. Төрт адамның екеуі қаза тапты, екі адам әлі іздестіріліп жатыр.
"Ең өкініштісі, құлаған жердің астында бұрын шахта болғанын ешкім ескертпеген. Тіпті үстінен жол салған және сол жолды қызметкерлер осы күнге дейін пайдаланып келген. Ал техникалық қауіпсіздік шараларына сай ол жерді қоршауға алып, қауіпті аймақ ретінде оқшаулап тастауы керек еді. Дегенмен, бұл мәселенің басы ғана", – дейді Жарқынбек Амантайұлы.
Айтуынша, "Шанхай" атанып кеткен шағын ауданның тұрғындары да алаңдаулы. Олар шағын ауданның асты да шахтаға айналып кеткен дейді. Кен қазу барысындағы жарылыстардан үй іргесі солқылдап кететінін айтып отыр. 100-ге жуық шаңырақ орналасқан аумақ қазіргі опырылып құлаған жерден небәрі 500 метр қашықтықта орналасқан.
"Бүгінде 10 мыңға жуық халық тұратын Майқайың елді мекенінің негізгі тіршілік көзі де осы кен орындарында. Тек "Майқайың Алтында" мыңнан астам жергілікті тұрғын еңбек етеді", – деп атап өтті мәжілісмен.
"Майқайың Алтын" ресми сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, кәсіпорын құрылған уақыттан бері мұнда 16,7 млн тонна кен өндірілген. Бұл дегеніміз – 80 тонна алтын, 1 240 тонна күміс, 204 мың тонна мыс, 300 мың тонна мырыш. 13 млн тоннадан астам кен кәсіпорынға қарасты кен байыту фабрикасында қайта өңделген.
"Сөйте тұра, "Майқайың Алтын" өз қаржысына кентте ешқашан тұрғын үй салмаған. Балалар алаңы, спорттық немесе әлеуметтік нысандар тұрғызбаған. Тек жылына жергілікті бюджетке барды-жоқты алым-салық төлеп келген. Ал, енді осы акционерлік қоғамның 100 пайыз акциясы Кипр Республикасында орналасқан "Rence Enterprises LTD" компаниясына тиесілі. Ол компания Милан Попович деген бизнесменге тиесілі. Еліміздің байлығына кенелген бұл бай-патшалардың ісін кім қадағалауға алады", – деп сұрақ қойды депутат.
Осыған байланысты Жарқынбек Амантайұлы үкімет пен бас прокуратураға бірқатар ұсыныс тастады:
осы маңдағы шахталық жұмыс жүргізілген барлық аумақты анықтап, оларды қауіпсіздік ережелеріне сай оқшаулау;
шахта маңында орналасқан шағын ауылдың тұрғындарына қауіпсіздік жағдайын қарастыру;
еліміздің байлығын пайдаланып, бірақ әлеуметтік көмекті дер кезінде көрсетпей отырған шетелдік компанияларға заң жүзінде қатаң шаралар қолдану.
Мәжіліс депутаттары осы апатқа және техникалық қауіпсіздіктің сақталмауына түрткі болған жағдайға прокуратура әділетті бағасын беруі керек деп санайды.