Денсаулық министрі өлгеннен кейін донор болуға келісетінін айтты

Ол қазіргі таңда қазақстандықтар адам өмірін сақтау үшін сырқат науқастарға өз органын бере алатынын атап өтті
Sputnik
АСТАНА, 17 қаңтар – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өлген соң донор болуға келісетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжіліс кулуарында журналистер министрден "мәйіт донорлығына келісім бересіз бе?" деп сұрады.
"Келісемін және ниетімді білдірдім", деп қысқа қайырды Ғиният.
Ол қазіргі таңда қазақстандықтар адам өмірін сақтау үшін сырқат науқастарға өз органын бере алатынын атап өтті.
"Заң жүзінде оған барлық норма бар. Министрлік жанындағы мекемеде электронды регистр жасалған. Кәмелетке толған әрбір азамат өлгеннен кейін өз ағзасын біреуге бере ме, жоқ па, сол туралы өз ойын ашық жазып кете алады. Ол құжат дәрігерлерге трансплантация кезінде сол азаматтың ойын білуге мүмкіндік береді", - деп түсіндірді ведомство басшысы.
Ғинияттың айтуынша, қазір елімізде 40 мыңнан астам адам осы регистрда өз ойын білдірген. Соның 15%-і қайтыс болғаннан кейін өз органын басқа адамдардың өмірін құтқаруға беруге келісетінін жазған.
Бұған дейін "Қазақстан халқына" қорының басшысы Болат Жәмішев мәйіт донорлығы жұмыс істеуі үшін заңды өзгерту қажет екенін мәлімдеді.
Қордың ақпаратынша, республикада 4 мың адам орган ауыстыруға мұқтаж.