Ақтөбеде қызылша жұқтырған төрт бала жансақтау бөлімінде жатыр

Дәрігерлер соңғы тәулікте қызылша жұқтырған 16 адам ауруханаға түскенін айтады
Sputnik
АЛМАТЫ, 17 қаңтар - Sputnik. Ақтөбе облысында төрт бала жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
"Бүгін сағат 17:00-дегі жағдай бойынша төрт бала жансақтау бөлімінде жатыр. Балалардың жасы: 6 айлық 10 айлық және 2 жас 7 айлық және бір жарым жаста. Барлығы – екпе алмаған балалар. Олардың жағдайы тыныс алу жеткіліксіздігі салдарынан ауыр", - дейді ведомство.
Таңертең жансақтау бөлімінде 5 бала жатқан, біреуі жағдайының жақсаруына байланысты палатаға ауыстырылған.
"Жансақтау бөлімінде таңертең адам аз болғанымен, түсте немесе кешке көбеюі мүмкін. Сол сияқты азайып та тұрады. Таңертең жансақтау бөлімінде бес бала жатқан, қазір төртеу жатыр", - дейді денсаулық сақтау басқармасы.
Дәрігерлер соңғы тәулікте қызылша жұқтырған 16 адам ауруханаға түскенін айтады. Олардың 15-і – балалар. Қазіргі күні жұқпалы ауру жұқтырған 117 адам ауруханада жатыр, оның басым көпшілігі – кәмелетке толмағандар.