АСТАНА, 16 қаңтар – Sputnik. "Самұрық-Энерго" АҚ Ресей салатын үш жылу электр орталығының болжамды құнын жариялады. ЖЭО бағалары туралы ақпарат "Самұрық-Энерго" басшысы Қайрат Мақсұтов үкімет отырысында ұсынған слайдта келтірілген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Көкшетау ЖЭО құрылысының құны болжаммен 347 млрд теңгені құрайды (электр қуаты - 240 МВт, жылу - 520 гкал/сағ).
Семей ЖЭО – 420 млрд теңге (электр қуаты - 360 МВт, жылу - 472 гкал/сағ).
Өскемен ЖЭО – 490 млрд теңге (электр қуаты - 360 МВт, жылу - 1 007 гкал/сағ).
Мақсұтов бұл әлі нақты сома емес екенін атап өтті. Айтуынша, ЖЭО құрылысының нақты сомалары техникалық-экономикалық негіздеме аяқталып, мемлекеттік сараптамадан өткен соң ғана белгілі болады.
"Көкшетау ЖЭО бойынша техникалық-экономикалық негіздеме аяқталуға жақын, мемлекеттік сараптама тәмамдалды. Семей ЖЭО бойынша техникалық-экономикалық негіздеме биыл наурыз айында аяқталады, Өскемен ЖЭО бойынша техникалық-экономикалық негіздемеге енді кіріседі", - деп түсіндірді Мақсұтов үкімет отырысынан кейін өткен брифингте.
Бұған дейін Ресей Өскемен, Семей және Көкшетау қалаларында жылу электр орталығын салатыны хабарланды.