АСТАНА, 16 қаңтар – Sputnik. 2030 жылға қарай елімізде электр энергиясының тапшылығы 6 ГВт-тан асады. Бұл туралы энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, энергетикалық қауіпсіздікті сақтау, ел экономикасы мен халықты сенімді энергиямен жабдықтау қажеттігін, сондай-ақ электр энергиясын тұтынудың жыл сайынғы өсуін ескере отырып, жаңа энергия қуаттарын енгізу және қолданыстағы электр станцияларын жаңғыртуды жүзеге асыру талап етіледі.
"Бекітілген қуат теңгеріміне сәйкес 2030 жылға қарай резервтің қажетті деңгейі 17% болғанда электр қуатының қажеттілігі 28,2 ГВт құрайды, бұл ретте жаңа қуаттарды ескерсек, қолда бар қуат 22 ГВт. Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесіндегі электр қуаты тапшылығының көлемі, тіпті 4 ГВт жаңа қуаттардың іске қосылуын ескерсек те, 6 ГВт-тан асады", - деді Сәтқалиев үкімет отырысында.
Ал Орталық Азия елдеріндегі теңгерімді талдау 2030 жылға қарай 2,7 ГВт көлемінде электр қуаты тапшылығы болатынын көрсетіп отыр.
Энергетика министрлігі осы тапшылықты жабу және экспорттық әлеуетті ұлғайту үшін Электр энергетикасы саласын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеген. Мұнда қосымша шамамен 26 ГВт жаңа қуаттарды енгізу қарастырылып отыр.
Сәтқалиевтің айтуынша, бұл жоспар бұрын президент жанындағы энергетикалық кеңес отырысына шығарылған. Кейін мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарын ескере отырып пысықталды.
"Мәселен, жұмыс істеп тұрған электр станцияларын реконструкциялау және кеңейту есебінен қосымша 5,6 ГВт іске қосылады", деді министр.
Атап айтқанда:
Ақсу ГРЭС-те қуаты 325 МВт 7 блокты салу (2027 жыл),
Қарағанды ЖЭО-3-те қазандық агрегатын салу және турбинаны ауыстыру (2026 жылы 120 МВт);
"Karabatan Utility Solution" Бу-газ қондырғысының қуатын 310 мегаваттан 620 МВт-қа дейін кеңейту (2027 жыл) бар.
Сонымен қатар, Жезқазған қаласында жаңа электр станциясын және тағы 6 қалада газ станцияларын салу жоспарланып отыр.