АСТАНА, 16 қаңтар – Sputnik. Ақтөбе облысында "Аuto Seller" қаржы пирамидасын құрған қылмыстық топ сотталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Тергеу материалдарына сәйкес, 2022 жылдың наурыз айында Д.И. Дәулетов пен А.Т. Жанасаевтың жетекшілігімен К.А.Құдасов, О. Б.Жайлаубай және басқа да тұлғалар "Аuto Seller" ЖШС-ін құрған. Фирма автокөліктерді жоғары бағамен сатып алып, төмен бағамен сатып отырған.
"Аuto Seller" ЖШС басшылары автокөлік иелеріне нотариуспен расталмаған сатып алу-сату шарттарын жасасып, олардың автокөліктерін 20%-ға қымбат сатып алуды ұсынған. Ал ақшаны екі-үш ай ішінде тең бөліктермен төлейміз деген. Одан кейін көлік құралдары үшінші тұлғаларға төмен бағамен сатылды", - дейді агенттік мамандары.
Көлік иелеріне келген залал сомасы 404 млн теңгені құрады.
Сот Д.И.Дәулетовты 9 жылға, А.Т.Жанасаевты 8 жылға, К.А. Құдасовты 7 жылға және О.Б. Жайлаубайды 7 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.