Қоғам

Самат Әбішке қатысты қылмыстық іс сотқа жіберілді – бас прокуратура

Ол лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін айыпталып жатыр
Sputnik
АСТАНА, 15 қаңтар – Sputnik. Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды, деп хабарлайды бас прокуратура.
"Істі тергеу аяқталды. Іс сотқа жолданды", - деп мәлімдеді бас прокуратурадағылар.
Айта кетері, Самат Әбіштің үстінен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын.
2023 жылғы қыркүйекте бас прокуратура қаңтар оқиғасы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты тергеу басталғанын хабарлады. Ол "қаңтар оқиғасы" кезінде билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланды деген күдікке ілінген.
Дәл сол күні бас прокуратура Самат Әбіштен ешқайда кетпеу туралы қолхат алғанын, ол Қазақстанда екенін мәлімдеді.
Самат Әбіш – тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі. 2015 жылдан бастап қаңтар оқиғасына дейін, яғни 2022 жылдың қаңтарына дейін ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған.
Естеріңізге сала кетейік, қаңтар оқиғасынан кейін ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары ұсталды. Артынша оларға сот үкімі шықты. Мәсімовтің мүлкі тәркіленіп, ол 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Мәсімовтің орынбасары болған Самат Әбіш қызметінен босатылды, дәл сол кездері оның үстінен қылмыстық іс қозғалған жоқ.
Бас прокуратура Самат Әбіш туралы: елден кетіп қалады деуге негіз жоқ