АСТАНА, 15 қаңтар – Sputnik. Қазақстанда төтенше жағдайлардың салдарын жою бойынша кәсіби еріктілердің мобильді тобы құрылады, деп хабарлады Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Ресми хабарламада топты Мәдениет және ақпарат министрлігі Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп құрып жатқаны аталып өткен.
"Қазіргі таңда 136 волонтерлік ұйым, оның ішінде 47 мыңнан астам волонтер ТЖМ құрылымдарымен белсенді ынтымақтастықта қызмет атқаруда. Олар тұрақты дайындықтан өтіп отырады. Соңғы 3 жылда 3,5 мыңнан астам волонтер төтенше жағдайлар департаменттерінде арнайы оқуға қатысты", - делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Айта кетері, волонтерлер елдің қоғамдық өміріне белсенді қатыса отырып, ұйымшылдық пен бірлікті талап ететін шаралардан тыс қалмайды.
"Елімізде волонтерлік пен қайырымдылықты дамытудың айрықша мысалдарының бірі ретінде орман өрттерінен зардап шеккен Абай облысына көрсетілген көмекті айта аламыз. Ұлттық волонтерлер желісі өрттен қаза тапқан азаматтардың отбасына көмек көрсету үшін 224 млн теңгеден астам қаражат жинады", - деп жазылған хабарламада.
Ұлттық волонтерлер желісі Түркияға гуманитарлық көмек көрсету бойынша министрліктің үйлестіруімен орасан зор жұмыс атқарды. Нәтижесінде 500 тоннадан астам гуманитарлық көмек пен 150 киіз үй жөнелтілді.
Қазақстандықтар AFAD қорына 10 миллионнан астам АҚШ долларын аударды.
Волонтерлер 2023 жылдың өзінде 1700-ден астам профилактикалық іс-шараға қатысты.