Жер сілкінгенде не істеу керек

Жер сілкінгенде ғимараттардан, ағаштардан алыс, электр бағаналары жоқ, ашық қауіпсіз жерге бару керек
Sputnik
АЛМАТЫ, 13 қаңтар – Sputnik. Алматыда жойқын жер сілкінісі болатыны туралы дақпырт біраздан бері қала тұрғындарының дегбірін қашырып жүр. Бірақ сейсмологтар қауіптенуге ешқандай негіз жоқ деп отыр. Десе де сақтық шараларын есте шығармау керек. Sputnik Қазақстан жер сілкінісі болған жағдайда орындалуға тиіс 10 қағиданы ұсынады.
1.
Дүрбелеңге салынбай, сабыр сақтаңыз.
2.
Жедел саты мен баспалдақтарға жоламаңыз.
3.
Қауіпсіз жер табыңыз. Мамандар бұл қағиданы дәл жер сілкінгенде емес, алдын ала белгілеп алған жөн дейді. Мысалға үйдің бұрыштары, есіктің түбі.
4.
Тез арада ғимаратты тастап қашу. Бірінші қабатта тұратындар 10 секундта далаға шығып үлгеруі керек. Ал 2 немесе одан да жоғары қабатта тұратындар жер сілкінісінің тоқтауын күту керек. Тоқтаған кезде далаға жедел шығып үлгеру керек. Егер шығып үлгермесеңіз, ғимараттың қауіпсіз жерін паналаңыз. Жер сілкінісі қайталануы мүмкін.
5.
Терезе мен аспалы шамдардан, жиһаздардан аулақ кетіңіз. Міндетті түрде газ, су және электр жарығын өшіріңіз. Ол өміріңізге төніп тұрған қауіпті одан әрі қиындатады.
6.
Дабыл чемоданыңыз дайын тұрсын. Мүмкіндігінше отбасының әр мүшесінде бұл зат болуы керек және оңай жерде тұрсын. Дабыл чемоданы – құтқарушылар келгенге дейін немесе жер сілкінісі, су тасқыны өрт және басқа да төтенше жағдайларда аман қалуға арналған заттардың негізгі жиынтығы. "Дабыл чемоданына" салынатын заттар: ақша, құжат, алғашқы медициналық көмек қобдишасы, бір адамға есептелген су – қыста тәулігіне 3-4 литр (жазда 5-6 литр), консервілер, жоғары калориялы тағамдар, гигиена құралдары, жылы киім, көрпе, қажетті заттар – шам, батареялар, сіріңкелер, құралдар, ысқырық).
7.
Міндетті түрде жаныңызда ысқырық болсын. Бұл - отбасының әр мүшесінде болуы міндетті зат. Ысқырықпен құтқарушыларды шақыра аласыз.
8.
Кнопкалы қарапайым телефон. Өйткені қазіргі смартфондардың қуаты небәрі 1 тәулікке ғана жетеді.
9.
Балаларыңыздың киімінде аты-жөні, туған күні мен жылы, қаладан тыс жердегі туыстарының телефон нөмері мен ақпарат жазылған тігілген қалта болсын. Өйткені құтқарушылар бала туралы ақпаратты білуі керек.
10.
Зілзаладан соң отбасыңызбен қай жерде кездесетіндеріңізді ақылдасып, белгілеп алыңыз. Бұл дәл сол күні емес, алдын ала ақылдасып шешетін дүние.
Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті зілзала болған жағдайда сақадай сай екендіктерін айтады.
"Жойқын жер сілкінісі болған жағдайда жедел түрде департамент штаб құрады. 55 мың жеке құрам мен 9 мыңнан астам техника көмекке келеді. Жалпы Алматы 21 секторға бөлінген. Апаттық құтқару жұмыстары осы 21 секторға бөлініп жұмыс істейді", - дейді Алматы ТЖД басқарма басшысы Бекболат Бұғабаев.
Оның айтуынша, жер сілкінгенде ғимараттардан, ағаштардан алыс, электр бағаналары жоқ, ашық қауіпсіз жерге бару керек. Алматы аумағындағы қауіпсіз жерді 2ГИС-тен таба аласыз. Бұл туралы облыстық, қалалық әкімдіктен де білуге болады.