Техникалық мамандардың табысы күрт артты

Былтыр бас технологтарға 954 мың, ұңғымаларға қызмет көрсетуші инженерлерге 800 мың, ал жүйелік сәулетшілерге 700 мың теңге жалақы ұсынылған
Sputnik
АСТАНА, 12 қаңтар – Sputnik. Елімізде ІТ және өнеркәсіп саласы мамандарының табысы күрт артты, деп хабарлады 24KZ.
Өткен жылдың соңында оларға миллион теңгеге жуық жалақы ұсынылған. Өйткені еңбек нарығында мұндай кадрлар тапшы.
Азат жоғары оқу орнын автоматтандыру және басқару мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазір әлеуметтік мекемеде жүйелік әкімгер болып еңбек етіп жүр. 22 жастағы маман қалада мұндай жұмыс орнына таңдау мол болғанын айтады.
"Жүйені орнатамын, операциялық жүйені. Сосын интернет желісін қадағалап отырамын. Сұраныс өте көп болды. Себебі осындай жерлерге программистер көп керек. Жалақы жақсы. Мені қанағаттандырады", - дейді жүйелік әкімгер Азат Жеңіс.
Азат сияқты ІТ саласының мамандарына нарықта сұраныс күрт артты. Былтыр 9 ай ішінде компьютерлік бағдарламалау, консалтинг және ілеспе қызметтердің көлемі 700 млрд теңгеден асқан. Бұл 2022 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 43,5%-ке көп. Көрсетілген қызметтердің тең жартысы Алматыға, екінші жартысына жуығы Астанаға тиесілі. Қалған 9,9%-і өңірлерде көрсетілген.
ІТ мамандар елдегі орташа жалақыдан 2,3 есе көп табыс таба алады. Былтыр Астанада 8 мың адам тұрақты жұмысқа орналастырылса, 12 мың адам кәсіби оқыту, грант және жеңілдетілген несие беру шараларымен қамтылған. Қазір тағы 10 мыңға жуық тұрғын жұмыссыз ретінде тіркеліп тұр.
"Әртүрлі жұмыс беруші бізде Enbek.kz порталына тіркелген. Бірақ көбі – қызмет көрсету саласы, индустриалдық парктің жұмыс берушілері, әртүрлі зауыттар, кәсіпорындар. Техникалық мамандықтарға сұраныс өте көп. Қалада болсын, индустриалды парк болсын, колледж бітіретін түлектер сұраныста", - дейді қалалық Еңбек мобильділігі орталығының директоры Олжас Омар.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметінше, былтыр елде ІТ, өнеркәсіп және мұнай-газ секторындағы кейбір мамандардың табысы миллион теңгеге жуықтаған. Мәселен, бас технологтарға 954 мың, ұңғымаларға қызмет көрсетуші инженерлерге 800 мың, ал жүйелік сәулетшілерге 700 мың теңге жалақы ұсынылыпты.
"Өнеркәсіптік салада өндірістік технологтардың жалақысы өткен жылдың соңғы айларында 900 мыңнан жоғары болған. Бұл деректер электрондық еңбек биржасында батыс өңірлерде мұнай-газ саласында қызмет ететін жұмыс берушілердің тарапынан ұсынылғанын байқаймыз. Сонымен қатар ІТ саласында өте жоғары дәрежеде, яғни синнер архитектор деңгейіндегі ІТ мамандарына ұсынылады", - деп түсіндірді Еңбек ресурстарын дамыту орталығының бас сарапшысы Мадияр Алдияров.
Елдегі жоғары оқу орындарына мемлекет тарапынан бөлінген гранттардың 60%-ы инженерлік-техникалық мамандықтарға бағытталды. Президент тапсырмасына сәйкес былтыр 2 ғылыми-технологиялық парк пен 2 инжиниринг орталығын құру жұмысы басталды.