АСТАНА, 12 қаңтар – Sputnik. Біріккен Ұлттар Ұйымы халықаралық сотының Газа секторындағы ықтимал геноцидке қатысты Оңтүстік Африка Республикасының Израильге қарсы шағымы бойынша шешімі жақын арада шығады деп күтілуде. Өйткені шұғыл қабылданатын уақытша шараларды енгізу туралы өтініш жолданып отыр, деп хабарлады РИА Новости халықаралық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Сот шешімі жарияланатын нақты күнді атай алмасақ та, бұл процесс жедел қабылданатын уақытша шараларға қатысты екенін ескере отырып, жақын арада шешім шығады дей аламыз", - деп хабарлады агенттікке сот баспасөз қызметінің өкілі Аво Севаг Гарабет.
Гаагадағы халықаралық сот 11-12 қаңтарда Оңтүстік Африка Республикасының Израильді Газа секторындағы геноцид конвенциясын бұзды деп айыптаған қарсы шағымы бойынша тыңдауды өткізіп жатыр. Бейсенбі күнгі сот отырысында Оңтүстік Африка делегациясы сөз сөйледі. Оңтүстік Африка Республикасының өкілдері өз сөзінде соттан Израильге Газадағы әскери операциясын тоқтатуды, ондағы тұрғындардың азық-түлік, су және гуманитарлық көмекке қол жеткізуін қамтамасыз етуге және Газаға халықаралық миссиялардың кіруіне кедергі жасамауға міндеттеуге шақырды.
Оңтүстік Африка тарапы сондай-ақ соттан Израильді жағдайды нашарлататын және сот процесін қиындататын әрекеттерден бас тартуға міндеттеуді сұрайды. Жұма күні Израиль тарапына сөз беріледі.
29 желтоқсанда Оңтүстік Африка Республикасы Газа секторындағы жағдайға байланысты Гаагадағы халықаралық сотқа геноцид конвенциясы бойынша Израильге қарсы талап арыз жолдап, сотты Израиль билігіне қатысты уақытша шара қолдануға шақырды. Оңтүстік Африка Республикасы өз талап арызында Израильдің Газа секторындағы палестиналықтарға қарсы әрекеттерін "геноцид конвенциясындағы міндеттемелерді бұзу" деп атады.
Африка елінің шағымына сәйкес, "Израильдің әрекеттері мен әрекетсіздігі геноцид сипатына ие, өйткені олар Газа секторындағы палестиналықтарды кең палестиналық ұлттық, нәсілдік және этникалық топтың бір бөлігі ретінде жою мақсатында жасалып жатыр".