Экономика

Жаңадан құрылған Алатау қаласы қалай дамиды

Президенттің жарлығымен Алматы облысы Іле ауданындағы Жетіген ауылы облыстық маңызы бар Алатау қаласы болып өзгертілді
Sputnik
АСТАНА, 10 қаңтар – Sputnik. Ұлттық экономика министрлігі Алматы облысында жаңадан құрылған Алатау қаласы болашақта қалай дамитынын хабарлады.
Ведомство ақпаратынша, қаланың жалпы ауданы – 88 мың гектар. Халық саны 52,7 мың адамды құрайды.
Президент тапсырмасын іске асыру аясында ұлттық экономика министрлігі Алатау қаласын құру жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларының жоспарын әзірледі.
Жоспарға сәйкес, министрлік Алматы облысы әкімдігімен бірлесіп экономикалық есептерді, жаңа қаланың схемалық картасын дайындау бойынша жұмыстар жүргізді. Сондай-ақ халықпен жиын өткізіліп, соның негізінде Алматы облысы мен Іле, Талғар аудандары және Қонаев қаласы мәслихаттарының шешімдері қабылданды.
"Жаңа қаланы құру жол желілері, инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін модернизациялауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестицияларды, технологияларды, қосымша қаржы ағынын тартуға, кәсіпкерлік белсенділікті дамытуға, салық түсімдерін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл өңірдің инвестициялық тартымдылығы мен экономикалық тұрақтылығын жақсартуға ықпал етеді", - деп санайды министрліктегілер.
Сонымен қатар, үкімет арнайы экономикалық аймақ аумағын (АЭА) 30 мың гектардан 96,5 мың гектарға дейін кеңейту және G4 City АЭА-ны Alatau АЭА-ға қайта атау туралы шешімді мақұлдады. Осылайша, Алатау қаласының барлық аумағы және Қонаев қаласының бір бөлігі АЭА аумағына жатқызылады.
Арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметтің басым түрлері бойынша экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішінің 17 атауы негізінде 110 мың жаңа жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 12,5 трлн теңгеге 170-тен астам жобаны орналастыру көзделіп отыр.
Болжамды деректерге сәйкес, АЭА объектілері жобалық қуатына шыққаннан кейін бүкіл кезеңдегі бағаланған жиынтық үлесі 47,3 трлн теңгені, оның ішінде мультипликативтік әсері 17 трлн теңгені құрайды.
Айта кетері, мемлекеттік инвестицияның әрбір 1 теңгесіне 3,8 теңге жеке инвестиция тартылады, деп атап өтті ведомстводағылар.
Алматы облысында жаңа қала пайда болды