АСТАНА, 10 қаңтар – Sputnik. New York Times басылымы Алматыны 2024 жылғы ең үздік туристік бағыттар тізіміне енгізді, деп хабарлайды турзим және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
The New York Times жаңа жылда көруге болатын әлемдегі 52 орынның дәстүрлі тізімін жариялады. Танымал басылымның нұсқасы бойынша Алматы тізімде 25 орында тұр.
"Алматы екі миллион халқы бар Қазақстанның ең ірі қаласы бола тұра, бейбіт, бірақ белсенді шахар әсерін қалдырады. Алматының мәдени орталық ретіндегі мәртебесі оның гастрономиялық өмірінде айқын көрінеді. Көк базардағы жемістер мен жаңғақтарды тамашалаңыз, содан кейін жақында кеңестік дәуірі ғимаратында ашылған үлкен азық-түлік базарында PlatformA-ға барыңыз", - деп жазды The New York Times.
Айта кетейік, Алматы – бұл рейтингке енген аймақтағы жалғыз қала. Бұған дейін 2017 жылы Қазақстан ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында осы тізімге енгізілген болатын.