АСТАНА, 10 қаңтар – Sputnik. SCAT әуе компаниясының "Атырау-Тараз" бағытындағы рейсі ұшып келгеннен кейін полиция 15 жастағы қызды ұстап әкетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан көліктегі полиция депаратментіне сілтеме жасап.
Кәмелет жасқа толмаған қыз ұшу кезінде салонда электронды темекі шеккен. Полиция онымен профилактикалық әңгіме жүргізді. Ұшақ бортында қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін ескертті. Заң бойынша 15 жастағы қыздың заңды өкілі жазаға тартылады.
"Қыздың заңды өкіліне қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 127-бабы, 1-бөлігі, яғни кәмелетке толмағанды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 10 АЕК (36 920 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салынды", - делінген ресми хабарламада.
Айта кетері, былтыр көліктегі полиция қызметкерлері түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 45 962 адамды, соның ішінде кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін 70 адамды әкімшілік жауапқа тартты.